Сентрас Секьюритиз Қазақстандағы инвестициялық серпіліс аясында клиенттерін ITS саудасына қосуда

«Сентрас Секьюритиз» қазақстандық брокері ITS саудасына қатысушы мәртебесін алып, халықаралық платформаға техникалық қосылуды аяқтады және клиенттеріне алаңда мәмілелер жасау мүмкіндігін ашты.

Тараптардың ынтымақтастығы елдегі бөлшек инвестициялардың бұрын-соңды болмаған өсімі кезеңінде жүзеге асуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Орталық депозитарийі жүйесіндегі шоттар саны рекордтық 4,9 млн көрсеткішке жетіп, соңғы бір жылдың өзінде шамамен 1,5 млн шотқа артқан. Сонымен қатар бүгінгі таңда қайталама нарықтағы акциялармен жасалатын сауда көлемінің 50%-дан астамы жеке тұлғалардың үлесіне тиесілі.

«Біз Қазақстандағы инвестициялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көріп отырмыз. Бүгінде инвестор портфелінде қазақстандық “көк фишкалар” да, америкалық технологиялық алпауыттардың акциялары да болғанын қалайды. ITS-ке қосылу – осы сұранысқа берілген тамаша жауап. Активтерді басқарудағы тәжірибеміз көрсеткендей, ұзақ мерзімді перспективада ең жоғары табыстылықты дәл осындай теңгерімді, мультивалюталық портфель қамтамасыз етеді», – деп атап өтті «Сентрас Секьюритиз» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Қамаров.

Қазақстандықтар не себепті шетелдік бағалы қағаздарды таңдайды:

  • Валюталық хедж: долларлық активтерге инвестициялау капиталды теңге бағамының ауытқуынан қорғауға мүмкіндік береді.
    • Технологияларға қолжетімділік: жергілікті нарықта ұсынылмаған жасанды интеллект пен жаһандық инновацияларды дамытып жатқан компаниялардың тең иесі болу мүмкіндігі.
    • Әртараптандыру: қаражатты әртүрлі елдердің экономикалары арасында бөлу портфель тәуекелдерін төмендетеді.
    • Салықтық жеңілдіктер: АХҚО юрисдикциясы аясында инвесторлар биржада саудаланатын бағалы қағаздар бойынша капитал өсіміне салынатын салықтан босатылады.

«Сентрас Секьюритиз» ITS саудасының 19-шы қатысушысы атанып, Қазақстан, Армения, Болгария, Кипр, Оман және Оңтүстік Африка Республикасынан келген брокерлер қатарына қосылды.

Айта кету керек, «Сентрас Секьюритиз» нарықтағы активтерді басқарудың ең тиімді стратегияларының бірін көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания зейнетақы активтерін басқару бойынша 14,7% табыстылық көрсетіп, сол жылдағы инфляция деңгейінен озып шықты. 2024–2025 жылдар аралығында компания клиенттер портфельдеріндегі валюталық активтердің үлесін жоспарлы түрде арттырып, оны 28,36% деңгейіне жеткізді, бұл нарықтық құбылмалылық кезеңдерінде капиталдың тұрақтылығын қамтамасыз етті. Сонымен қатар соңғы екі жылда компания басқаруындағы активтердің шартты бірлігінің (Ш.Б.) құны 35,11% өсті.

ITS-ке қосылу арқылы «Сентрас Секьюритиз» клиенттері ірі халықаралық компаниялардың акцияларынан бастап ETF-тер мен шариғаттық индекстерге дейін жаһандық капитал нарықтарына кеңейтілген қолжетімділік алды. Жаңа қатысушының қосылуы «Астана» халықаралық қаржы орталығының өңірдегі негізгі инвестициялық алаң ретіндегі позициясын күшейтеді.

«Біз ITS қатысушылары қатарында Сентрас Секьюритизді қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Әрбір жаңа брокер платформамызды нығайтып, ITS-ке халықаралық инвестициялық хаб ретіндегі сенімді арттырады», – деп атап өтті ITS басқарма төрағасы Шыңғыс Қанапиянов.

ITS алаңында 3200-ден астам халықаралық бағалы қағаз, соның ішінде 300-ден астам ETF, сондай-ақ акциялар мен депозитарлық қолхаттар қолжетімді. ITS-те ұсынылған халықаралық бағалы қағаздар әлемнің ең ірі индекстерінің құрамына кіреді және жаһандық экономиканың көптеген салаларын қамтиды.

ITS-тегі сауда сессиясының ұзақтығы – шамамен 18 сағат, Астана уақытымен таңғы 10:00-ден келесі күнгі 03:45-ке дейін. Мұндай ұзақ сессия инвесторларға корпоративтік және экономикалық оқиғаларға жедел әрекет ете отырып, инвестициялық портфельдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

ITS өңірдегі серіктестік желіні дамытуды жалғастыруда, бұл инвесторлар санын кеңейтіп, сауда өтімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Сентрас Секьюритиз туралы

«Сентрас Секьюритиз» АҚ – 2004 жылдан бері қор нарығында жұмыс істеп келе жатқан, Қазақстандағы жетекші брокерлік және дилерлік компания.

Компания 2004 жылдан бастап «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) қор нарығының, ал 2010 жылдан бастап KASE-нің мерзімді нарығының мүшесі болып табылады. 2018 жылдан бері компания Astana International Exchange (AIX) биржасының мүшесі ретінде брокерлік қызметтер көрсету құқығына ие.

Компанияның акциялары мен пайлық инвестициялық қорлары KASE листингінде тұр.

2021 жылдан бастап «Сентрас Секьюритиз» «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ)-мен сенімгерлік басқару шарттарын жасасқан инвестициялық компаниялар тізіліміне енгізіліп, зейнетақы активтерін басқарады.

Email: mail@centras.kz

 

ITS туралы

ITS – АХҚО юрисдикциясында жұмыс істейтін сауда алаңы. ITS инвесторларға АҚШ пен Қазақстанда листингте бар 3200-ден астам жаһандық нарық құралын ұсынады. ITS әзірлеген бірегей өнімдердің қатарында өз индекстеріне биржалық қорлар және Нью-Йоркте сауда-саттық басталғанға дейін IPO-ға шығатын компаниялардың акцияларымен сауда жасау мүмкіндігі бар.

2025 жылы ITS рекордтық нәтиже көрсетті: сауда-саттықтың жиынтық көлемі $14 млрд асты, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 70 есе көп. Сауда-саттыққа қатыса алатын инвесторлардың саны 1,2 млн адамнан асты, нарықта 6 елдің – Қазақстан, Армения, Болгария, Кипр, Оман және ОАР-дың 19 қатысушысы жұмыс істейді.

ITS клиенттері – Қазақстан мен басқа елдердің бағалы қағаздар нарығына кәсіпқой қатысушылары – АХҚО-да аккредиттелген немесе тіркелген қаржы делдалдары. Жекеше және корпоративтік инвесторлар сауда-саттыққа қаржы делдалдары – брокерлер мен банктер арқылы қол жеткізеді.

 

ITS баспасөз қызметі

Email: pr@itsx.kz 
Instagram: @itsglobalstocks 
Telegram: @itsx_official