ITS алаңы ITS World индексіндегі қазақстандық эмитенттер санын арттырады
ITS халықаралық сауда алаңы ITS World индексіне кезекті қайта теңгеру жүргізіп, флагмандық индекс құрамындағы қазақстандық эмитенттер санын екіден беске дейін ұлғайтты.
2026 жылғы 10 ақпаннан бастап ITS World индексінің құрамына Nasdaq-та листингтен өткен халықаралық холдинг Freedom Holding Corp. акциялары (тикері: FRHC), Қазақстандағы ең ірі банк – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (Halyk Bank, тикері: HSBK.Y) акциялары, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық атом компаниясы әрі әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің бірі «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акциялары (тикері: KAP.Y) енгізіледі.
«ITS World индексінің негізінде әртараптандырылған теңгерім идеясы жатыр, ол индекске әртүрлі нарықтардағы жоғары құбылмалылық кезеңдерінен анағұрлым тұрақты өтуге мүмкіндік береді. Қазақстанның индекс ішіндегі қамтылу деңгейі (репрезентативтілік) жеткіліксіз болғандықтан, біз қазақстандық бағалы қағаздар санын арттыруды жөн көрдік», – деп атап өтті ITS атқарушы директоры Шыңғыс Қанапиянов.
ITS World индексінде қазақстандық Kaspi.kz (KSPI) жетекші финтех-платформа акциялары және ҚазМұнайГаз (KMG) ұлттық мұнай-газ компаниясы акциялары бұрынғыдай сақталады.
Америка, Еуропа және Азиядағы 50 жетекші компанияның акцияларын қамтитын ITS World индексі тарихи тұрғыда жаһандық нарықтың көптеген басқа бенчмарктерінен озық динамика көрсетіп келеді. 2025 жылы ITS World индексі 25,62% өссе, S&P 500 индексі 16,30%, ал Dow Jones 12,97% көтерілді.
ITS World индексі Астана халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясы аясында ITS пен IPS Capital басқарушы компаниясы бірлесіп құрған ITS World биржа қорының (тикері: ITSW) негізінде жатыр.
АҚШ долларымен номинацияланған ITSW қорына инвестициялау кіру шегі $10-дан сәл ғана асатын, арнайы іріктелген 50 акциядан тұратын бірден тұтас себетке қол жеткізуге мүмкіндік береді, ал бұл инвестициялардан түсетін табыс Қазақстанның салық резиденттері үшін салықтан босатылған.
«ITS World жаһандық индексіндегі қазақстандық компаниялар санының артуы елдің әлемдік нарықтағы маңыздылығының өсіп келе жатқанын көрсетеді. Олардың қатарында ұлттық экономиканың көшбасшылары болып саналатын, елдің ең ірі әрі жүйе құраушы компаниялары бар. Freedom Holding Corp. акцияларының индекс құрамына енуі компанияның стратегиялық бағытының тиімділігін айғақтайды, бұл оның Russell 3000 сияқты беделді жаһандық рейтингтер мен индекстерде, сондай-ақ The Motley Fool ұсынатын Moneyball инвестициялық портфелінде болғанымен, сонымен қатар BlackRock, Morgan Stanley және J.P. Morgan секілді жетекші институционалдық инвесторлардың қызығушылығының артуымен расталады. Инвесторлар үшін бұл дамыған нарықтардың тұрақтылығын өсіп келе жатқан юрисдикциялардың әлеуетімен ұштастыра отырып, әртараптандыру мүмкіндіктерін кеңейтеді», – деп атап өтті Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
ITS World индексін қайта теңгеру қорытындысы бойынша өңірлік салмақтар өзгеріссіз қалады: Америка – 38%, Азия – 30%, Еуропа – 28%, Қазақстан – 4%, бұл ретте бағалы қағаздар саны Қазақстан бойынша 5, Америка бойынша 18, Азия бойынша 14 және Еуропа бойынша 13 болады.
Индекстің құрамы, нақты уақыттағы динамикасы, әдіснамасы және басқа да құжаттар мына сілтеме бойынша қолжетімді: https://itsx.kz/ru/trading-and-data/indexes/ITSW/
Инвесторларға акциялар мен ETF қорларының бағалы қағаздары тәуекелі жоғары активтер екенін ескертеміз. Өткен кезеңдердегі табыстылық көрсеткіштері тек анықтамалық мақсатта берілген және болашақтағы нәтижелердің болжамы бола алмайды. ITSW ETF акцияларының құны ITS World себетіне кіретін бағалы қағаздардың құнының динамикасын көрсете отырып, өсуі де, төмендеуі де мүмкін.
ITS туралы
ITS – АХҚО юрисдикциясында жұмыс істейтін сауда алаңы. ITS инвесторларға АҚШ пен Қазақстанда листингте бар 3200-ден астам жаһандық нарық құралын ұсынады. ITS әзірлеген бірегей өнімдердің қатарында өз индекстеріне биржалық қорлар және Нью-Йоркте сауда-саттық басталғанға дейін IPO-ға шығатын компаниялардың акцияларымен сауда жасау мүмкіндігі бар.
2025 жылы ITS рекордтық нәтиже көрсетті: сауда-саттықтың жиынтық көлемі $14 млрд асты, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 70 есе көп. Сауда-саттыққа қатыса алатын инвесторлардың саны 1,2 млн адамнан асты, нарықта 6 елдің – Қазақстан, Армения, Болгария, Кипр, Оман және ОАР-дың 19 қатысушысы жұмыс істейді.
ITS клиенттері – Қазақстан мен басқа елдердің бағалы қағаздар нарығына кәсіпқой қатысушылары – АХҚО-да аккредиттелген немесе тіркелген қаржы делдалдары. Жекеше және корпоративтік инвесторлар сауда-саттыққа қаржы делдалдары – брокерлер мен банктер арқылы қол жеткізеді.
ITS баспасөз қызметі