ITS сауда және депозитарлық инфрақұрылымының шариғат аудиті нәтижелері бойынша оң қорытынды алды

ITS халықаралық сауда алаңы шариғат қағидаларына сәйкестік мәселелері бойынша тәуелсіз консультант Alhamd Shariah Advisory Services компаниясынан өзінің сауда және депозитарлық инфрақұрылымына жүргізілген шариғат аудитінің нәтижелері бойынша оң қорытынды алды.

Тексеру барысында мамандар ITS арқылы бағалы қағаздармен сауда жасау және оларды сақтау құрылымының шариғат талаптарына, соның ішінде меншік құқығын (Milkiyyah) және конструктивті иеленуді (Qabd Hukmi) қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігін бағалады. Аудит қорытындысы бойынша қарастырылған модельге шариғат тұрғысынан ешқандай қарсылық анықталған жоқ.

Алынған қорытынды ITS платформасында шариғат қағидаларына негізделген инвестициялар нарығын одан әрі дамытуға және исламдық қаржыландыру қағидаларын ұстанатын инвесторлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге негіз қалыптастырады.

Шариғат аудитінің нәтижелері

Аудит аясында ITS-тің реттелетін көпжақты сауда алаңы (Multilateral Trading Facility, MTF) ретіндегі моделі, сондай-ақ бағалы қағаздарды сақтау және олар бойынша есеп айырысудың қолданыстағы жүйесі қарастырылды.

Alhamd Shariah Advisory Services қорытындысына сәйкес, ITS арқылы сауда жасаудың қарастырылған моделі шариғат тұрғысынан толық қолайлы болып табылады. Атап айтқанда, аудиторлар бағалы қағаздарды ITS CSD арқылы сақтау және олар бойынша есеп айырысу тізбегін, сондай-ақ соған байланысты инфрақұрылымдық элементтерді қарастырды. Қорытындыда бағалы қағаздарды сақтау және олар бойынша есеп айырысу жүйесі шариғатта белгіленген талаптарға сәйкес келетіні және бағалы қағаздарға меншік құқығының, соның ішінде ITS Shariah қорының акцияларына меншік құқығының дұрыс есепке алынуы мен берілуін қамтамасыз ететіні атап өтілген.

Қорытындыда сонымен қатар ITS CSD арқылы ішкі есеп айырысулардың меншік құқығын беруге кедергі келтірмейтіні, егер құқықтың сатып алушыға өткенін тиісті шарттық, есептік және депозитарлық жазбалар растайтыны да атап өтіледі.

«Шариғат қағидаларына негізделген инвестициялар нарығын дамыту – халықаралық инвесторлар үшін ITS мүмкіндіктерін кеңейтудің негізгі бағыттарының бірі. Сауда және депозитарлық инфрақұрылымға жүргізілген аудит нәтижелері бойынша алынған қорытынды ITS моделінің шариғат қағидаларына сәйкес келетінін растайды және исламдық қаржыландыру қағидаттарын ұстанатын инвесторларға арналған өнімдерді одан әрі дамытуға негіз қалыптастырады», – деді ITS CEO-сы Құрмет Оразаев.

ITS шариғат қағидаттарына негізделген инвестициялар бағытын дамытып, инвесторларға ITS Shariah Index және ITS Shariah ETF (ITSS) биржалық қорына, сондай-ақ жаһандық исламдық ETF-тер мен шариғат талаптарына сәйкес келетін компаниялардың акцияларына қолжетімділік ұсынады. ITS жоспарларында Парсы шығанағы елдерін қоса алғанда, ірі халықаралық эмитенттердің исламдық борыштық құралдарына (сукук) қолжетімділікті қамтамасыз ету де бар.

ITSS ETF ITS Shariah индексін қадағалайды және шариғат талаптарына сәйкес келетін АҚШ-тың 30 компаниясының акцияларын қамтиды. 2026 жылғы 4 қыркүйектегі сауда-саттықтың басталу жағдайы бойынша, қор 2025 жылғы қаңтарда іске қосылғаннан бері 43,2% өсіп, бір акциясының бағасы 14,32 долларды құрады. Индекстің құрамы шариғаттық іріктеу негізінде қалыптастырылады, ал оның құрамындағы компаниялар Sahih Invest тәуелсіз компаниясы тарапынан күн сайын мониторингтен өтеді. Қор Астана халықаралық қаржы орталығында исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес тіркелген.

 

ITS туралы
ITS – АХҚО юрисдикциясында жұмыс істейтін сауда алаңы. ITS инвесторларға АҚШ пен Қазақстанда листингте бар 3200-ден астам жаһандық нарық құралын ұсынады. ITS әзірлеген бірегей өнімдердің қатарында өз индекстеріне биржалық қорлар және Нью-Йоркте сауда-саттық басталғанға дейін IPO-ға шығатын компаниялардың акцияларымен сауда жасау мүмкіндігі бар.

2025 жылы ITS рекордтық нәтиже көрсетті: сауда-саттықтың жиынтық көлемі $14 млрд-тан асты, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 70 есе көп. Сауда-саттыққа қатыса алатын инвесторлардың саны 1,2 млн адамнан асты, нарықта жеті елдің – Қазақстан, Армения, Болгария, Кипр, Қырғызстан, Оман және ОАР-дың 23 қатысушысы жұмыс істейді.

ITS клиенттері – Қазақстан мен басқа елдердің бағалы қағаздар нарығының кәсіпқой қатысушылары – АХҚО-да аккредиттелген немесе тіркелген қаржы делдалдары. Жекеше және корпоративтік инвесторлар сауда-саттыққа қаржы делдалдары – брокерлер мен банктер арқылы қол жеткізеді.

 

ITS баспасөз қызметі
Email: pr@itsx.kz 
Instagram: @itsglobalstocks
LinkedIn: https://www.linkedin.com/company/itsx-official/ 
Telegram: @itsx_official
YouTube: https://www.youtube.com/@itsx-official 

ITS сауда және депозитарлық инфрақұрылымының шариғат аудиті нәтижелері бойынша оң қорытынды алды