Еуропалық DeltaStock брокерінің клиенттері ITS алаңында сауда жасай бастады

Болгариялық DeltaStock брокерінің клиенттері брокердің Delta Trading платформасы арқылы ITS халықаралық сауда алаңында акциялармен сауда жасай бастады. Бұл брокер платформасының ITS инфрақұрылымымен интеграциялануынан кейін мүмкін болды.

2025 жылғы қарашада DeltaStock ITS сауда-саттық қатысушысы мәртебесін алған алғашқы еуропалық брокер атанды. Осыдан кейін брокер Delta Trading платформасын жаңартып, жаңа сервисті іске қосуға дайындады.

«DeltaStock клиенттерін ITS-тегі сауда-саттыққа қосу – алаңымыздың халықаралық қатысу ауқымын кеңейту жолындағы маңызды қадам. Бұл ITS-ке Орталық Азиядан тыс нарықтарда да сұраныс бар екенін және алаңның әртүрлі юрисдикциялардағы брокерлер үшін тиімді инфрақұрылым бола алатынын көрсетеді. DeltaStock-тен кейін басқа да шетелдік компаниялар келеді деп күтеміз», – деді ITS бас атқарушы директоры Құрмет Оразаев.

«Біз үшін бұл іске қосу – жүйелі жұмыстың және сенімге, технологиялық амбицияларға әрі инвестиция саласының болашағына деген ортақ көзқарасқа негізделген серіктестіктің нәтижесі. Жобаның алғашқы кезеңдерінен бастап ITS ұжымы бізге айтарлықтай қолдау көрсетті», – деді DeltaStock басқарма төрағасы Борислав Цанков.

Брокерлік желінің кеңеюі және жаңа клиенттердің қосылуы ITS-тегі сауда белсенділігінің өсуіне ықпал етіп отыр. 2026 жылғы қыркүйекте алаңдағы сауда-саттық көлемі рекордтық 3,98 млрд долларға жетіп, тамызда тіркелген алдыңғы максимумнан 14% жоғары болды. Қаңтар–қыркүйек аралығында сауда-саттық көлемі 22 млрд доллардан асып, 2025 жылдың толық жылындағы көрсеткіштен 1,5 еседен астам жоғары болды.

ITS алаңында АҚШ пен Қазақстанда листингі бар қаржы құралдары қолжетімді. Сауда-саттық сессиясы Астана уақытымен 09:00-ден келесі күнгі 03:45-ке дейін, яғни шамамен 19 сағатқа созылады. Бұл инвесторларға корпоративтік жаңалықтар мен макроэкономикалық оқиғаларға, соның ішінде АҚШ-тағы негізгі сауда сессиясы ашылғанға дейін де, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сауда-саттық кестесі қаржы құралына байланысты белгіленеді.

DeltaStock туралы
DeltaStock – 1998 жылы құрылған болгариялық инвестициялық компания. Брокер Еуропалық одақ заңнамасының талаптарына сәйкес Болгарияның Қаржылық қадағалау комиссиясы берген лицензия негізінде жұмыс істейді және Болгария, ЕО-ның басқа елдері мен одан тыс мемлекеттердің клиенттеріне қаржы нарықтарына қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады.

ITS туралы
ITS – АХҚО юрисдикциясында жұмыс істейтін сауда алаңы. ITS инвесторларға АҚШ пен Қазақстанда листингте бар 3200-ден астам жаһандық нарық құралын ұсынады. ITS қатысуымен әзірленген бірегей өнімдердің қатарында өз индекстеріне негізделген биржа қорлары және Нью-Йоркте сауда-саттық басталғанға дейін IPO-ға шығатын компаниялардың акцияларымен сауда жасау мүмкіндігі бар.
2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында ITS алаңындағы сауда-саттықтың жиынтық көлемі 22 млрд доллардан асты. Бұл 2025 жылдың қорытындысындағы көрсеткіштен 1,5 еседен астам жоғары. 2025 жылы сауда-саттық көлемі 14 млрд доллардан асқан. ITS алаңында сауда-саттыққа қол жеткізе алатын инвесторлар саны 1,2 миллионнан асады. Нарықта жеті елдің – Қазақстан, Армения, Болгария, Кипр, Қырғызстан, Оман және ОАР-дың 25 қатысушысы жұмыс істейді.
ITS клиенттері – Қазақстан мен басқа елдердің бағалы қағаздар нарығының кәсіпқой қатысушылары – АХҚО-да аккредиттелген немесе тіркелген қаржы делдалдары. Жеке және корпоративтік инвесторлар сауда-саттыққа қаржы делдалдары – брокерлер мен банктер арқылы қол жеткізеді.

ITS баспасөз қызметі
Email: pr@itsx.kz 
Instagram: @itsglobalstocks
LinkedIn: https://www.linkedin.com/company/itsx-official/ 
Telegram: @itsx_official
YouTube: https://www.youtube.com/@itsx-official