ITS индекстеріне арналған биржа қорлары Tabadul платформасында халықаралық инвесторларға қолжетімді болды
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген инвесторлар ITS халықаралық сауда алаңының өз индекстеріне арналған биржа қорлары флагмандық ITS World және халал талаптарына сай ITS Shariah, сондай-ақ халықаралық компаниялардың акцияларына негізделген ITS Single Stock ETF құралдарына Tabadul цифрлық платформасы арқылы қол жеткізді.
Tabadul – Таяу Шығыс пен Орталық Азияның қор нарықтарына өзара қолжетімділікті қамтамасыз ететін хаб. Ол 2022 жылы Абу-Даби қор биржасы (ADX) тарапынан іске қосылған. Платформа аймақтың жетекші биржаларын, соның ішінде Қазақстанның KASE және AIX, сондай-ақ Бахрейн, Оман және Армения қор биржаларын біріктіріп, өтімділікті арттыру мақсатында кросс-биржалық сауданы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
ITS пен IPS Capital басқарушы компаниясы бірлесіп құрған ITS World ETF (тикері: ITSW) және ITS Shariah ETF (ITSS) қорлары енді қатысушы биржалардың миллиондаған инвесторлары үшін қолжетімді. Ал Single Stock ETF құралдары Apple, Nvidia, Tesla және басқа да халықаралық компаниялардың акцияларын олардың толық құнының жүзден біріне немесе мыңнан біріне тең үлеспен сатып алуға мүмкіндік береді.
«Біздің бірегей индекстерімізге және Single Stock ETF құралдарына Tabadul трансшекаралық алаңында сауда жасауға рұқсат берілуі – Қазақстан мен «Астана» халықаралық қаржы орталығын жаһандық қаржы нарығына интеграциялаудағы маңызды қадам. Енді біздің құралдарымызбен миллиондаған жаңа инвесторлар сауда жасай алатынына қуаныштымыз», — деп атап өтті ITS компаниясының бас директоры Шыңғыс Қанапиянов.
ITS индекстері бірегей құрылымының арқасында нарықтан жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2025 жылы ITS World индексі – 25,6%, ITS Shariah – 23,6% өсті, ал S&P 500 индексінің өсімі 16,4% болды. ITS World индексі әлемдегі ең ірі 50 халықаралық компанияның акцияларын қамтиды, ал ITS Shariah – қызметі шариғат қағидаларына сай келетін АҚШ-тың 30 компаниясын біріктіреді.
ITS туралы ақпарат
ITS – халықаралық өтімділік хабы. ITS бизнес моделінің негізінде жатқан best execution қағидасы мен smart order routing өтімділікті қамтамасыз ету технологиясы инвесторларға жаһандық қаржы нарығындағы ең жақсы бағамен және кез келген көлемде бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға мүмкіндік береді.
ITS алаңының тікелей клиенттері Қазақстан мен басқа елдердің бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылары – АХҚО-да аккредиттелген, сол сияқты тікелей тіркелген қаржылық делдалдар болып табылады. Инвесторлар – жеке және заңды тұлғалар сауда-саттыққа қаржы делдалдары – брокерлер мен банктер арқылы шығады.
Баспасөз қызметі