ITS Қазақстан мен Орталық Азиядағы АХҚО юрисдикциясында құрылған алғашқы индекстік қордың сауда-саттығын ашты
ITS 2024 жылдың 7 қарашасында Қазақстан және Орталық Азия қаржы нарықтары үшін тұңғыш индекстік ETF (биржада саудаланатын фонд) бағалы қағаздарымен сауда-саттықты ашты. ITS World индексіне негізделген ETF (тикері: ITSW) қаржы құралының пайда болуына «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясындағы жағдайлар мен реттеулер мүмкіндік берді.
ITS World индексіне негізделген ETF (тикері: ITSW) қаржы құралына алғашқы сауданың бағасы бір данасына 10.1431 АҚШ доллары болды.
«ITSW – кез келген инвестор үшін қолжетімді инвестициялық құрал, – деп атап өтті ITS бас директоры Шыңғыс Қанапьянов. – Он долларға инвестор Орталық Азия инвесторларына танымал өз аймақтары мен салаларындағы жетекші 50 ірі халықаралық компанияның құнды қағаздар жиынтығын сатып ала алады. Бұл бағалы қағаздардың қатарында Kaspi.kz және KazMunayGas бар. Тәжірибесіз жаңа инвесторлар үшін қазақстандық қаржы нарығында минималды қаржымен инвестициялауды бастау үшін тамаша мүмкіндік. Мұндай портфельді өз бетінше жинау үшін бірнеше жүз мың доллар қажет болар еді».
ITSW қорының басқарушы компаниясы ретінде IPS Capital компаниясы таңдалды, ол АХҚО -дан жеке инвесторлардың қаржысын басқару лицензиясына ие.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров: «Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы ірі қаржы орталығы ретінде біз үшін қор нарығында жаңа инвестициялық құралдардың пайда болуының маңызы зор. ITS АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінен көпжақты сауда алаңы ретінде жұмыс істеуге лицензия алған алғашқы компания атанды. Қазақстандық инвесторлар үшін әртараптандыруға арналған жаңа өнімдердің және әлемнің ірі компанияларына қаражат салу мүмкіндігінің пайда болғанына қуаныштымыз», – деп атап өтті.
ITS басқарушы директоры Александр Диаковский: «Біз ITSW кез келген қазақстандық инвестордың соның ішінде тәжірибелі инвестордың портфеліндегі негізгі құрал бола алады деп сенеміз. Бұл ұзақ мерзімді инвестициялар үшін де, күндізгі қысқа мерзімді сауда-саттық үшін де жақсы теңдестірілген өнім. Астана уақыты бойынша сағат 10:00-ден келесі күннің сағат 03:45-ке дейін жүргізілетін сауда-саттық инвесторға Қазақстан нарығындағы және Азия, Еуропа, Америка нарықтарындағы кез келген жаңалықтарға жауап беруге мүмкіндік береді».
Инвесторларға ITSW акцияларымен сауда-саттық жасау ITS сауда алаңына қосылған кез келген брокер арқылы қолжетімді.
ITSW құрамы, нақты уақыттағы динамикасы, индекс әдістемесі және басқа да құжаттар ITS сайтында жарияланған.
ITS туралы ақпарат:
ITS халықаралық өтімділік орталығы болып табылады. ITS бизнес үлгісі инвесторларға әлемдік қаржы нарығында және кез келген көлемде best execution (ең жақсы бағамен) бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға мүмкіндік беретін және smart order routing (өтімділікті қамтамасыз ету) технологиясына негізделген. Осы технологиялардың арқасында ITS-те шетелдік бағалы қағаздардың өтімділігі бағалы қағаздар сатылатын жетекші халықаралық биржалардағымен бірдей.
ITS-те 2800-ден астам халықаралық бағалы қағаздар, соның ішінде ETF, сондай-ақ акциялар мен депозитарлық куәландырулар бар. ITS-те ұсынылған халықаралық бағалы қағаздар Dow Jones Industrial Average, Nasdaq-100, S&P 500 сияқты әлемнің ең ірі индекстеріне кіреді және әлем экономикасының 69 саласын қамтиды.
ITS сауда сессиясының ұзақтығы дерлік 18 сағатты құрайды, ал бағалы қағаздар бойынша есеп айырысу келесі сауда күні (Т+1) жүргізіледі.
ITS-тің тікелей клиенттері Қазақстан мен басқа елдердің қаржы нарығының кәсіби қатысушылары – АХҚО-да аккредитацияланған және тікелей тіркелген қаржылық делдалдар. Жеке және заңды тұлғалар – инвесторлар брокерлер мен банктер сияқты қаржылық делдалдар арқылы сауда-саттықа қол жеткізеді.
ITS баспасөз қызметі
pr@itsx.kz